© boxingscene.com

Қазақстандық боксшы Геннадий Головкин күзге жоспарланған жекпе-жегіне әлі қарсылас таба алмай жүр. Соңғы жылдардағы негізгі қарсыласы Сауль Альварес үшінші рет жұдырықтасудан бас тартқан, сондықтан трилогияны 2020 жылы ғана көруіміз ықтимал.

Бірақ соңғы уақытта Геннадий Головкинді жекпе-жекке шақырған боксшылар да бар. Тengrinews.kz тілшісі GGG-мен рингте кездесуді қалап жүрген боксшылар тізімін ұсынады.

Деметриус Андраде

Америкалық боксшының Головкинмен жұдырықтасқысы келіп жүргеніне бірнеше жыл болды. Бұл боксшының жасы 31-де. Кәсіпқой бокста 28 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған. 17-сі — нокаут. Былтыр 20 қазанда намибиялық Уолтер Каутондокваны жеңіп, орта салмақта WBO белбеуін иеленген болатын.

Андраде карьерасының басым бөлігін бірінші орта салмақта өткізген. Соңғы төрт кездесуін ғана орта салмақ аясында өткізіп жүр. Оның үшеуін төрешілер шешімімен аяқтаған.

"Головкинді жоқ қыламын". GGG-ді кімдер жекпе-жекке шақырып жүр
© boxingscene.com

Өткен аптада польшалық Мацей Сулецкиді жеңгеннен кейін Деметриус Головкин мен «Канелоны» рингке шақырған болатын.

«Канело» қайда? «GGG» қайда? Қандай проблема бар?», — деген еді.

Ал оның алдында ресейлік Артур Акавовты ұтқаннан кейін Геннадийді тағы да шақырған: «Маған Головкинді беріңдер, мен оны жоқ қыламын».

Ал бүгін Андраде GGG мен «Канелоны» қарсылас болуға тағы да шақырды.

«Канеломен» жұдырықтасқым келеді. Головкинмен де кездесуді қалаймын. Журналистерден сұрарым: Деметриус Андраде Головкин және Альвареспен кездесуді іздеп жүргенін бүкіл әлем білсін. Басқа жекпе-жек туралы ойламаймын», — деді ол.

Джермалл Чарло

29 жастағы америкалық Джермалл Чарлоның кәсіпқой бокста жүргеніне он жылдан асқан. Бүгінге дейін 29 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен (21-і нокаут) тәмамдаған.

Андраде секілді Чарло да карьерасын бірінші орта салмақта бастап, соңғы төрт жекпе-жегін орта салмақта өткізген. 2018 жылы америкалық кіші Уго Сентеноны жеңіп, WBC титулын иеленген. Бүгінге дейін сол титулын екі рет қорғай алды. Соңғы рет биыл 30 маусымда жұдырықтасып, Брэндон Адамсты төрешілер шешімімен жеңген.

"Головкинді жоқ қыламын". GGG-ді кімдер жекпе-жекке шақырып жүр
© globallookpress.com

Былтыр Альварестің қанынан допинг табылғанда Чарло Головкинді жекпе-жекке шақырған еді:

«Головкин Альвареспен жұдырықтаса алмайды, себебі бұл иттің баласы бұзылған ет жеген. «Канело» нашар ет жеп жүр, ал мен тазамын. Егер Головкин жұдырықтасқысы келсе, дайындалсын. Менімен шық! Мен сенің үміткеріңмін!»Канелоны» қаласаң, бұзылған етпен жұдырықтасуың керек болады. Ал егер оны қаламасаң, менімен кездес!», — деген болатын Чарло.

Сондай-ақ америкалық боксшы былтыр желтоқсанда Головкиннің қартайып келе жатқанын, енді дивизионда үрей тудыратын «Канело» екенін айтқан еді. Сол кезде ол мексикалық боксшы жеңіп, кейін «тіскебасарға» Головкинді ұтатынын мәлімдеген болатын.

Каллум Смит

Ұлыбританиялық Каллум Смит қазір 29 жаста. Кәсіпқой боксқа жеті жыл бұрын келген ол екінші орта салмақта өнер көрсетеді. Бүгінге дейін 25 рет рингке шығып, тек жеңіспен ғана кеткен. 18 қарсыласын нокаутпен жеңген.

Соңғы рет былтыр қыркүйекте жекпе-жек өткізген болатын. Сауд Арабиясында отандасы Джордж Гроувсты нокаутқа түсірген. Сол жекпе-жектен соң ол Мохамед Әли кубогын, WBA және The Ring тұжырымдары бойынша әлем чемпионы титулын иеленіп, WBC Diamond белбеуін қорғап қалған еді.

"Головкинді жоқ қыламын". GGG-ді кімдер жекпе-жекке шақырып жүр
© WBSS

Былтыр Смит Альварестен жеңіліп қалған Головкинді жекпе-жекке шақырған еді.

«Ол әлі де үлкен атаққа ие. Бұл қаржылық тұрғыда да жақсы жекпе-жек болар еді, оны ұту ең үлкен жеңіс. (…) Мен үшін ол жартылай ауыр және суперауыр салмақ боксшыларынан да атақтырақ», — деген болатын.

Хильберто Рамирес

28 жастағы мексикалық Хильберто Рамирес кәсіпқой карьерасын он жыл бұрын бастаған. Осы уақыт ішінде боксшы 39 жекпе-жекке қатысып үлгерген. Оның бәрінде де жеңіске жеткен, 25 кездесуі нокаутпен аяқталған.

Боксшы орта, екінші орта және жартылай ауыр салмақтарда сынға түседі. 2016 жылы екінші орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған. Бүгінге дейін сол титулын 5 рет қорғап шықты.

"Головкинді жоқ қыламын". GGG-ді кімдер жекпе-жекке шақырып жүр
© Top Rank

Боксшы өз карьерасында Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін бірнеше рет айтқан.

«Головкинмен кездескім келеді. Екінші орта салмаққа ауысқысы келетінін айтқан еді, менімен жекпе-жек өткізуіне болады. Бұл кездесуді күтіп жүрмін», — деген болатын.

Ол биыл Головкинмен кездесуді қалайтынын тағы да айтты: «Өз атағымды асыруға дайынмын. Ешкімнен және ашқашан қашпайтын боксшы екенімді дәлелдеймін. Сондықтан, үздік боксшылармен жұдырықтасқым келеді, «Канеломен» немесе Головкинме кездесуді қалаймын».

Тайсон Фьюри

«Сыған Королінің» кәсіпқой рингте жұдырықтасып жүргеніне 11 жыл болды. Тізімдегі басқа боксшылармен салыстырғанда, 30 жастағы Фьюри ауыр салмақта жұдырықтасады. Түрлі жылдары IBF (2015), WBA (Super), WBO, IBO (2015—2016),The Ring (2015—2018) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған.

2016 жылы боксшының қанынан кокаин табылып, ол барлық титулынан айырылған және бокстан шеттетілген. Нәтижесінде Фьюри 2,5 жыл бойы рингке оралған жоқ. Тек былтыр ғана жекпе-жек өткізген болатын.

"Головкинді жоқ қыламын". GGG-ді кімдер жекпе-жекке шақырып жүр
© boxing247.com

Боксшы кәсіпқой рингте 29 жекпе-жек өткізіп, 28-ін жеңіспен (20-ы нокаут) аяқтаған, бір рет тең түскен.

«Бокс әлемінде жасандылардың көп екенін ойласам ұйықтай алмаймын. Энтони Джошуаның жағынан ұруды, Деонтей Уайлдердің жанын шығаруды ойлаймын. Менің санатыма ауысқысы келгеннің бәрін жеңуге дайынмын. Геннадий Головкин, суперауыр салмаққа кел, саған да шамам жетеді», — деген еді.